Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

Қазақстан Республикасы ІІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат тобы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы (бұдан әрі – Топ) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) Төтенше жағдайлар комитеті (бұдан әрі – Комитет) Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (бұдан әрі – Департамент) төтенше жағдайлар саласындағы тіл саясатын және ақпараттық саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
2. Топ өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.
3. Топ тікелей Департамент бастығына бағынады, Топтың құрылымы және штат саны Департаменттің штат кестесімен айқындалады.  

2. Негізгі міндеттері, функциялары және құқықтары  

4. Міндеті: Департаментте мемлекеттік тілді қолдану және дамыту.
Функциялары:
1) мемлекеттік және салалалық бағдарламаларды, тіл саясаты саласындағы жоспарларды іске асыру, сондай-ақ төтенше жағдайлар органдарында мемлекеттік тілді дамыту жөнінде ұсыныстарды әзірлеу.
2) Департамент басшылығы қол қоятын мемлекеттік тілдегі негізгі және туынды нормативтік құқықтық, басқару актілері мен құжаттардың жобалары мәтіндерін редакциялау және олардың теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ету;
3) Департаменттің жеке құрамына мемлекеттік тілді оқыту бойынша жұмысты ұйымдастыру және талдау және Департаменттің блімшелерінің осы бағыттағы жұмысын үйлестіру.
4) Департаменттің мемлекеттік тіл саясатын регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерінің, Комитет мен Министрліктің бұйрықтарының, өкімдері мен нұсқауларының нормаларын және ережелерін сақталуына бақылау жасау, олардың талаптарын бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар беру.
5) Департаменттің және бөлімшелерінің мемлекеттік тілді дамыту саласындағы әр түрлі іс-шараларды (семинарларды, кеңестерді, дөңгелек үстелдерді, конференцияларды, байқауларды және т.б.) ұйымдастыруға және өткізуге қатысу.
6) мемлекеттік тілде іс жүргізуді бақылау және Департаментте және оның бөлімшелерінде одан әрі жетілдіру;
7) Департаменттің Комитетпен және өзге мемлекеттік органдармен (олардың аймақтық бөлімшелерімен), үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен тіл саясаты мәселелері бойынша өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
8) Департаменттің бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарына өз қызметінің бағыттары бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсету;
5. Міндеті: Департамент және оның бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының  қызметін ақпараттық сүйемелдеу, Департаменттің ішкі ақпараттық саясатын іске асыру.
6.Функциялары:
1) Департаменттің ақпараттық саясатының негізгі бағыттарын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, іс-шараларды ұйымдастыру және бақылау;
2) брифингтерді, баспасөз конференцияларын, интернет-конференцияларды ұйымдастыру және өткізу, баспасөз релиздерін және ақпараттық хабарламаларды тарату;
3) Департамент пен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына өз қызметінің бағыттары бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсету.
4) Департамент және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне қатысты мәселелер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен (бұдан әрі – БАҚ) іс-қимыл жасау.
5) БАҚ-та жариялау үшін материалдарды дайындау, төтенше жағдайлар органдарының қызметтері мен бөлімшелеріне олардың қызметтері бойынша БАҚ-қа материалдар дайындауға жәрдемдесу;
6) республикалық және халықаралық БАҚ өкілдерін аккредиттеу, оларға төтенше жағдайлар органдарының қызметі туралы материалдарды дайындауға жәрдемдесу;
7) Департаменттің іс-шараларын фото-бейне түсіруді ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ БАҚ үшін бейнематериалдарды монтаждау;
8) БАҚ-қа, Интернет желіге үздіксіз мониторинг жүргізу, сыни ақпараттық материалдарға жедел ден қою;
9) Департамент басшылығына Департамент, оның бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіне қатысты БАҚ-тағы жарияланымдардың мазмұны және ерекшеліктері туралы жедел хабар беру;
10) жариялауға жоспарланған материалдарды рецензиялау, сайт пен порталды ақпараттық және тілдік қолдау бойынша Департамент,  оның бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін үйлестіру;
11) Комитеттің және Департаменттің ресми сайтының бөлімдеріндегі материалдарды ақпараттық толтыру және жаңартуды бақылау;
12) Комитеттің және Департаменттің ресми сайтында жарияланатын ақпараттың өзектілігін және дәйектілігін қамтамасыз ету.
6. Құқықтары мен міндеттері:
1) Департаменттің және оның бөлімшелерінен жүктелген міндеттерін орындауға қажетті құжаттар, анықтамалық және өзге де материалдар сұрату және алу;
2) Департаменттің ведомстволық бағынысты ұйымдарына орындау үшін міндетті нұсқаулар беру;
3) Комитетте, Министрлікте және басқа мемлекеттік органдарда (олардың аймақтық бөлімшелерінде) өткізілетін кеңестерге, семинарларға қатысу үшін қызметкерлерді жіберу;
4) Департаменттің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларынан мемлекеттің тіл саясатын және ақпараттық саясатты регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын және ережелерін сақтауын талап ету, сондай-ақ Департаментте мемлекеттік тілде іс жүргізуді дамыту процесін бақылау;
5) Департаментте, оның бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарында тіл саясатын, ақпараттық саясатты регламенттейтін тілдер, БАҚ туралы заңдардың, сондай-ақ басқа нормативтік құқықтық құжаттар нормаларының орындалуы бойынша жоспарлы тексерулерді жүзеге асыру;
6) Департаментте, оның бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлерінің мемлекеттік тілді үйрену сабақтарына қатысуын бақылауды жүзеге асыру, Департамент басшылығына сабақтарға қатыспайтын қызметкерлерге тәртіптік сипаттағы шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізу;  
7) оқу кезеңінің қорытындылары бойынша мемлекеттік тілді білуіне емтихандарды қабылдауға бақылауды қамтамасыз ету;
8) Департаменттің бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарынан Топ құзыретіне кіретін мәселелер бойынша атқарылған жұмыс туралы мәліметер мен есептерді белгіленген тәртіпте талап ету;
9) Департамент пен оның бөлімшелерінің басшылығына мемлекеттік тілде іс жүргізудің даму процесіне теріс әсер ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ Департаменттің тіл және ақпараттық саясаты бағыты бойынша жұмысты жетілдіру, тілдер және БАҚ туралы заңнаманы бұзуға жол берген басшыларға қатысты тәртіптік жауапкершілік шараларын қабылдау туралы ұсыныстар енгізу;
10) облыс аумағындағы, Департамент құтқарушыларының қатысуымен төтенше жағдайлар және оларды жою бойынша жұмыс барысы туралы қажетті ақпаратты жедел түрде алу;
11) өз құзыреті шегінде белгіленген тәртіпте хат алысуды және қаржылық құжаттарға қол қоюды жүргізу;
12) бюджеттік өтінімдерді дайындауды жүзеге асыру және Департаменттің қаржылық қамтамасыз ету бөліміне өз құзыреті мәселелері бойынша тиісті ұсыныстар енгізу;
13) Департаменттің ведомстволық бағынысты ұйымдарына мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жұмысын үйлестіру және әдістемелік жетекшілік ету;

3. Топ қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету

7. Топтың заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыруға қажетті өкілеттіктері болады.
8.  Топтың құзіретіне енетін мәселелер бойынша басқа құрылымдық бөлімшелерге топтың атынан жолданатын құжатттарға Департамент бастығының орынбасары, ол болмаған жағдайда – оны ауыстыратын тұлға қол қояды.

 

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 2013-07-17 16:30 / 2016-01-11 09:47