Басынан қайғы өткен адамдарға көмек көрсету

kn2Әрбір адам өмірде туыс- жақындарынан айырылады. Жақынынан айрылған адам қатты қайғырады, мұның өзі адамға өмірдің қиын сынағы сияқты болып көрінеді.

Қатты қайғырған адамға психологиялық көмек көрсетудің негізі неде және оны қалай көрсету қажет?
Балалар қалай қайғырады? Жақын адамынан айырылған балаға ересек адамның қарым-қатынасы қандай болу керек?

kn2Қайғы– жақын, жақсы көретін адамынан айрылғанда болатын әсер. Қайғырудың психологиялық түп негізі - қайтыс болған не жоғалып кеткен адамға деген махаббаттың көрінісі. Сонымен қатар қайғы – қайтыс болған адаммен қоштасатын, оны есіне сақтауды үйренетін, қазіргі уақытта онсыз өмір сүруге үйренетін үдеріс. Әр адамның қайғыға әсері, қайғыруы әр түрлі болса да, жалпыға ортақ қайғыру үдерісін шартты түрде бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. Қайғырудың кезеңдеріне тән белгілерді білу қайғырған адамға психологиялық көмек көрсетуге ықпалын тигізеді.
Қайғының алғашқы деңгейі – есі шығу немессе мелшиіп қатып қалу. Жақын адамынан айрылғанда болатын есі шығу, болған нақты жағдайға сенуден бас тарту орта есеппен 7-9 күнге, бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Қайғырған адамның физикалық жай-күйі қиындайды: тәбеті жойылады, бұлшық етінің жиырылуы әлсірейді, іс-қимылдары тежеледі. Мұндайда адам болған жағдай шын өмірде болмағандай күй кешеді. Есі шыққан адам жерлеу рәсімдерімен байланысты нақты қажетті істерді істеуі мүмкін, ал кейде оның белсенділігі ретсіз болып, не істеп, не қойғанын білмей жүреді. Сондай-ақ нақты жағдайдан алшақтау, әрекетсіздік те көрінеді. Кейбір адамдар сезімдерін білдірмей, бәріне немқұрайлы қарайды. Жақын адамын жерлеуге ешбір қатысы жоқ ұсақ-түйек шаруамен айналысып жүруі, болған жағдайға сенбей, психологиялық жай-күйі өткен өмірде қалғандай жүруі кездеседі. Сыртқы ортада болып жатқаннан ешбір әсер алмай, немесе түрлі қимылдарды жасап жүруі де мүмкін.

Есі шығу реакциясынан кейін өшпенділік сезімі пайда болады. Ф.Василюктың пікірінше, өшпенділік сезімі қажеттілікті өтеуге кедергі болғанға ерекше бір эмоционалдық әсер ретінде пайда болады, бұл жағдайда - өлген адаммен бірге қалғысы келеді. Адамды нақты жағдайға әкелетін кез келген сыртқы әсерлер бұл сезімді ушықтыра түседі.

kn2Есі шығу жағдайында көрсетілетін көмек.

Қайғырған адамның жанында болып, оны жалғыз қалдырмай, қамқорлық көрсеткен дұрыс. Өзіңнің қамқорлығыңды сипау арқылы көрсетуге болады. Жай қолынан ұстаудың өзі суық қарым-қатынастан гөрі жақсы. Қайғырған адам қолды қайтарып, басқа көмектен де бас тартуы мүмкін, бірақ көмек ұсыну аса қажет.
Қайғырудың келесі кезеңі - іздеу кезеңі – қайтыс болған адамды қайтарып алғысы келу, одан айрылғанға сенбеу. Жақынынан айырылған адам оны көшеде көріп қалғандай, көрші бөлмеден оның жүргенін естігендей күйде болады. Адамдардың көпшілігі қаншама қайғырса да күнделікті өмірден қол үзбейді, сол үшін мұндай көріністер қорқыныш сезімін ұялатып, адам өзін есімнен таңдым деп те ойлауы мүмкін. Бір жағынан адам ғажайып оқиғаларға сеніп, қалай болса да қайтыс болған адамды қайтарып аламын деп үміттенеді, қайғырған адам оны «кездестіріп», өзін ол адам міне - міне келіп қалатындай жағдайда ұстайды.

Есі шығу кезеңінен іздеу кезеңіне ауысу бір қалыпты; бұл кезеңге тән мінез-құлық ерекшеліктерін қайғылы хабар алғаннан кейін 5-12 күндері байқауға болады.

Келесі кезең – қатты қайғыру кезеңі – жақынынан айырылған кезден бастап 6-7 аптаға созылады. Физикалық жай-күй белгілері сақталады және күшеюі мүмкін: тыныс алу жиілігі, бұлшық еттің әлсіреуі, шаршағандық, асқазанды бос сезіну, кеудесі қысу, тамағында бірнәрсе тұрғандай, иістерге жоғары сезімталдық, тәбеттің артуы немесе төмендеуі, ұйқының бұзылуы. және т.б.

Бұл кезеңде адам қатты жан күйзелісін бастан кешіреді. Өмірдің мәнін жоғалту, жалғыздық сезімі, кекшілдік, өзін кінәлі сезіну, қорқыныш пен алаңдаушылық, дәрменсіздік сияқты ауыр сезімдер мен ойлар басады. Жақынынан айырылған адам қайтыс болған адамның бейнесін ұмыта алмайды. Қайғы айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына әсер етеді. Олар қайғырған адамның ашуын келтіреді, сондықтан олар оңаша болғылары келеді. Басқа адамдардың «қалыпты» өмір сүріп жатқанына ашуланады.

Қайтты қайғыру кезеңі бұдан кейінгі аза тұту кезіне қатысты алғанда қиын-қыстау кезеңі саналады. Қайтыс болған адаммен байланыстың үзілуі оның бейнесін есте сақтау, өткен кезеңнің есте қалуы, осы кезеңдегі «қайғы жұмысының» негізгі мазмұны.

Алты айдан кейін күйзеліс кезеңі басталады. Ең қиыны мереке, туған күн, мерейтой кездері («Онсыз өткен алғашқы жаңа жыл», «онсыз өткен алғашқы көктем»), немесе күнделікті өмірде болып жатқан оқиғалар («ренжітіп қойды, шағым айтатын жан жоқ», «оның атына хат келді») т.б.

Қатты қайғыру кезеңінде көрсетілетін көмек. Қайтыс болған адам туралы, оның өлу себептері, болған оқиғаға байланысты сезімдері туралы айту қажет. Қайтыс болған адамның өмірі туралы сұрап, ол жайлы еске алу әңгімесін тыңдаған жөн.

Қайғыру мәселелері бойынша әйгілі психолог A.D. Wolfelt қатты аза тұтқан адаммен қарым-қатынаста нені жасауға БОЛМАЙТЫНЫжайлы төмендегідей ұсыныстар береді.
Қайғырған адамның сөйлесуден немесе қарым-қатынастан бас тартуын Сізге қарсылық немесе жеке Сізбен қарым-қатынастан бас тарту деп түсінбеңіз. Қайғырған адам бұл кезеңде болған жағдайды дұрыс бағалай білмейді, ештеңеге назар аудармайды, басқалар түсінбейтін сезім жағдайында жүреді. Сондықтан мұндай адамның бас тартқанынан асығыс шешім қабылдауға болмайды. Оған өте мейірімді болыңыз. Оның жағдайы қалпына келгенге дейін тоса тұрыңыз.
Адамға қолдау көрсетіңіз, жағымды қарым-қатынас жасаңыз. Әйтпесе, қайғырған адам мұны Сіздің онымен қарым-қатынастан бас тартуы, немесе қарым –қатынастың жағымсыз сипат алуы деп түсінеді. Сондықтан Сіз ол адамды жалықтырамын деп қорықсаңыз, қайғырған адамның осындай ерекшеліктерін есте ұстаңыз, жанына барып, түсінуге тырысыңыз.
Интенсивті эмоциядан қорқып, жағдайдан бас тартпаңыз. Қайғырған адамдардың қатты эмоциялары, олардың айналасындағы атмосфера жаны ашығандарға қатты әсер етеді. Соған қарамастан, Сіз өзіңіздің қорыққаныңызды білдіріп, онымен қарым-қатынасқа түсуден қашпаңыз. Олар мұны дұрыс қабылдамауы мүмкін.

Қайғырған адаммен олардың сезімдеріне әсер етпей әңгімелесуге тырыспаңыз. Қатты аза тұтқан адам өте қатты сезім құшағында болуы ықтимал. Дұрыс сөздер айту, логикалық түрден ойлануға тарту көп жағдайда нәтиже бермейді. Осының барлығы, осы жағдайда қайғырған адамның логикалық тұрғыдан ойлана алмайтындығында. Егер адаммен оның сезімдеріне тиіспей сөйлессе, бұл әңгіме әр түрлі тілдегі әңгіме сияқты болады.

Күш көрсетуге болмайды (қатты құшақтау, қолынан ұстамақ болу). Кей жағдайда қайғыға байланысты көңіл айтушылар өздерін өздері ұстай білмеуі мүмкін. Өте қатты сезім мен эмоцияға қарамастан, қайғырған адаммен қарым-қатынаста өзін өзі ұстай білу керек.

Қайғырудың төртінші кезеңі – қалпына келу кезеңі– бір жылға дейін созылады. Бұл кезеңде физиологиялық функциялар, кәсіби әрекет қалпына келеді. Адам жақын адамынан айрылу фактісін түсіне бастайды. Ол бұрынғысынша қатты қайғырады, бірақ қайғыру ұстамалары жеке сипат алып, алдымен жиі – жиі, содан кейін сирек қайталанып отырады. Бұл ұстамалар көбінесе белгілі бір іс-шаралармен байланысты болады. Бір жыл уақыт қайғы кезеңін де шектейді.

Қалпына келу кезеңіндегі көмек. Өмірге қайта араласуға, болашақты жоспарлауға көмектесу қажет. Бұл кезеңде достары мен жақындары тарапынан орындауы сергітетіндей көмек беру туралы өтініш білдіру; оның немқұрайлы қарауына, өз жақындарына назар аудармауына сын айту, өзінің міндеттерін есіне салу пайдалы.

Сонымен, бір жылдан соң қайғыру кезеңінің соңғы –аяқталу кезеңі басталады. Бұл кезеңде жақынынан айрылған адам жүрегінің қатты ауырғанына шыдап, қалыпты өмірге келе бастайды. Осы кезең өлген адаммен «эмоционалдық қоштасу» кезеңі, қайғырған адам өмірін тек уайыммен өткізудің қажет еместігін түсіне бастайды. Өмір өзінікін алады. Қайтыс болған адамның бейнесін есінде сақтау, оған мән-мағына беру және өмір ағынынан өз орнын табу – осы кезеңдегі психологиялық жұмыстың негізгі мақсаты.

kn2Бала қайғысы

Бала жақын адамынан айырылып, үлкен қайғыға душар болғанда не істеу керек?
Үлкен адамдардың ең бірінші реакциясы - баланы қайғыдан сақтау, өйткені қайғы бала тұрғай, үлкен адамды азапқа салады.
Баладан оның жақын адамының өлімін жасыруға болмайды. Үлкен адамдар мұны баланың жас жүрегін жараламайын деген оймен жасайды. Бірақ жақын, қымбатты адамынан айырылғанын уақыт өткен соң білген бала қандай сезімде болады? Өкпе, реніш, түңілу, өтірік, міне, осы сезімдерде басынан кешеді. Міне, бұл жағдайлардан кейін балаға болған оқиғаны басынан кешіру қиынға түседі. Бала жақын адамынан айырылғанда қатты қайғыруы мүмкін. Ал ол туралы білмеген бұдан да қатты қайғыруға әкеп соғады. Баланың жанындағы үлкендер, оның қайғырған кезінде көмектесе алады.
Ересек адамдар балаға болған оқиға туралы шындықты айту қажет. Түсінбеушілік болдырмауға тырысу керек. Бала не болғанын түсіну үшін бір сұрақты қайталап қоя беруі де мүмкін. Үлкендерге баланың нақты, тура қойған сұрағына жауап беру қиын болуы кездеседі. Бірақ бала сұрақ қоюға дайын болса, жауабын естуге де дайын екенін естеріңізден шығармаңыздар.
Үлкендер балаларға жерлеу рәсімдері туралы айтып, сол кезде балаға қолдау көрсетуге дайын болу қажет. Бала қайтыс болған адаммен қоштасып, сол уақытта ересек адамның қолдауын сезуі өте маңызды. Не болатыны, үлкен адамдар өзін қалай ұстайтыны туралы айтып түсіндірсе, балаға бұл жағдай қорқынышты болмайды.
Үлкен адамдар өз сезімдерін анық көрсетіп, өз сезімдерін ашық айта алады. Олар көңіл күйінде не болып жатқаны жайында айтып, қайғы, уайым сезімдері мұндай сезімдерге жол берілуі қалыпты жағдай екенін білдіреді. Қайғы, аза тұту қиын сезімдер, оны адамдар бір-бірін қолдау арқылы бастан кешіре білу керек.
Үлкендер баланың өзін өзі кінәлі санау сезімін бәсеңдете алады. Балалар өмірдегі қиын жағдайларды өздерінің жаман тәртібімен байланыстырады. Балаға оның ешқандай қылығы өлімге әкелмегенін түсіндіріп, оның кінәсіз екенін айту қажет.

kn2Балалардың кейде осындай оқиғаларды басынан өткізе алмау жағдайлары кездеседі. Егер:

    1. жақынынан айырылған баланың мінез құлқы қатты өзгерсе, ол достарымен ойнамай, тұйық немесе тыңдамайтын болса;
    2. бала жақыны қайтыс болғанын көзімен көріп, осы оқиғаны үнемі есіне ала берсе;
    3. жақын адамы қайтыс болған бала ұзақ уақыт қайғырса, ойынға немесе мектепке қызығушылығы болмаса, өмір сүргісі келмейтіні туралы айтса мамандарға көрсеткен дұрыс.

 

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 2013-07-16 14:16 / 2016-01-11 09:47