Жемшөпті өрттен сақтайық!


            Қазір шөп шабындығының қызған шағы. Осыған байланысты шөп дайындалатын және оны сақтайтын жерлерде өрт шығу қаупі де арта түсуде. Оның негізгі себептері – далада от жаққанда өшірмей қалдырып кету, өшірілмей лақтырылған темекі қалдықтары, сондай-ақ тракторлар мен автокөліктердің тұрбаларынан шығатын ұшқындар.
Әсіресе, күн өте ысығанда және желді күндері далада өрт шығуы үлкен апатқа ұшыратады. Онымен күресу үшін көп адамдарды, техникаларды жұмыстарынан қол үздіруге тура келеді.
            Жемшөпті дайындау қызу қарқын алуда, ал бірқатар шаруашылықтар өрттен сақтану шараларын қолданбай отыр, науқан басталғанға дейін жемшөпті өрттен сақтандыру шараларын қолдану жөнінде айтылғанмен, бұған тиісті мән бермеуде.
Жемшөп дайындаумен бірге оны қыстақтар басына тасу қабат жүргізілуде, ал шөп сақтайтын орындар өрт қауіпсіздігі жағдайына келтірілмеген.
Мысалы, шөпқоймаларындағы найзағай тартқыштар орнату, оның аумағын шөптен тазарту, өрт сөндіру құралдарымен және су қорымен қамтамасыз ету орындалмаған. Мұндай жайбарақаттық ауыр жағдайларға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап жем өрттен сақтауды орын алып отырған кемшіліктерді жою жөнінде шұғыл шаралар қолдану керек.

Барлық профилактикалық шаралар машиналар мен тракторлардың от ұшқындарын болдырмауға, автокөлік қозғалтқышының қызып тұрған бөлігіне шөп түсіп тұтанудан, шылым тартудан және өрт қауіпсіздігінің басқа да ережелерінің бұзылуынан сақтандыруға бағытталуы керек. Шөп шабуда және жемшөп тасуда жүрген барлық ауыл шаруашылық агрегаттары ұшқын сөндіретін және өрт сөндіретін құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Жемшөп дайындауда, тасуда жүрген адамдар міндетті түрде өртке қарсы нұсқаудан өтулері керек. Далада, дала қостарында жөндеу және темір дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өртке қарсы режимнің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе шөп қоры сақталатын орындарға ерекше көңіл бөлген жөн.
            Шөп маялау ережесін сақтаудың маңызы зор. Бір мая шөп сақталатын алаң 300 шаршы метрден, ал тайлап буылған шөппен сабан сақталатын алаң 500 шаршы метрден аспауы керек. Әрбір үйілген қатарлардың ара қашықтығы 20 метрден кем болмауы керек. Қатарлар мен маяларды парлап орналастырғанда аралары 6 метрден, ал көрші парлар кемінде 3 метрден кем болмайды. Шөп сақтайтын жерлердің аумағында жұмыс істейтін ауыл шаруашылық техникаларының түтін шығатын тұрбалары мен басқа да электр жүйелері мұқият жөнделіп, ұшқын сөндіргіштермен қамтамасыз етілуі тиіс. Шөп қоймаларында өртке қарсы қатаң режим сақталып, сенімді күзет орнатылып, оған бөтен адамдардың, әсіресе балалардың кіруіне жол бермеу керек. Осы шаралардың барлығын орындағанда, біз дайындалған жемшөптің толық сақталуын қамтамасыз етеміз.

 

ШҚО ТЖД Күршім ауданының ТЖБ инженері М.Б. Құсайнов

 

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 2019-09-04 15:12 / 2019-09-04 15:12