Найзағай кезіндегі әрекет ету ережелері:

kn2Жиі жағдайда найзағай ашық жерлерге немесе жеке тұрған ағашқа түседі. Ғимаратқа түсуі біршама сирек, ал орманға түсуі одан да сирегірек. Сондықтан  найзағайлы қара бұлттар қаптап келе жатқанда алдын ала тоқтап, қауіпсіз орын тауып алған ләзім.

Тұрғын үйлер бар жерде үйге кіріп  паналаңыз немесе автомобильге жасырыныңыз. Және де бұл орайда желорай соқпау үшін есік пен терезелерді  мықтап бекітіп қойыңыз,  теледидар, компьютер, жылытқыш секілді барлық электр құралдарын сөндіріп, жарықты өшіріп қойыңыз. Шұғыл қажеттілік болмаса телефонды да пайдаланбаңыз.

Егер ауылдық жерде болсаңыз, онда терезелерді, есікті, түтіндікті және желдеткіш тесіктерді жабыңыз. Пеш жақпаңыз, өйткені пеш мұржасынан шыққан жоғарғы температуралы газдардың кедергісі төмен болады.

Егер көшеде келе жатсаңыз, найзағай аймағында жүгіруге немесе  шалт қимылдауға болмайды. Бойыңыздағы алтын тізбек, сақина, сырға секілді барлық металл әшекейлерді  шешіп тастаңыз. Электр берілісі бағандарына немесе биік ағаштарға жақындамаңыз. Металл қоршаудың, болат құбырлардың, рельстердің жанына бармаңыз.Сондай-ақ электр берілісі сымдарына жақындамаңыз. Ауыл шаруашылығы техникаларына, мотоцикл, велосипед секілді шағын көлік құралдарына жуымаңыз.

Егер сіз найзағай кезінде суға түсіп жүрсеңіз немесе қайықта отырсаңыз дереу жағалауға шығыңыз, өйткені су электр тогын өткізгіш  болып табылады.

Орманда жүрген болсаңыз, бұтақтары мол аласа ағаштың астына жасырыныңыз. Найзағай жиі жағдайда еменге, терекке, шегіршінге, сирегірек шырша мен қарағайға, анда-санда ғана қайың мен үйеңкіге түседі. Найзағай кезінде  тоғай шетінде, үлкен алаңқайларда, су ағып жатқан жерлерде  тұрмаған абзал.

Тауда жүрсеңіз, найзағай жақындап келе жатқанда биіктен, жотадан, шоқыдан, шыңнан етекке түсу керек. Жартастарға, жалама қабырғаларға сүйенбеңіз. Асты  қуыс жартастардың астына жасырынбаңыз, одан да үңгірге жасырынып, қабырғадан 2 метрдей алыстау отырыңыз.

Жапан түзде, ашық жерде найзағайдан құрғақ шұңқырлар мен қанауларға, жыраларға жасырыныңыз. Егер оларға су тола бастаса тезірек кетіп қалыңыз. Және де  құмдақ және тастақ топырақтың   балшықтан гөрі қауіпсіздеу екені есіңізде болсын.

ШҚО ТЖД Баспасөз қызметі

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 2014-04-03 11:07 / 2016-01-11 09:47